1. 1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы

ЖОСПАР КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………..3 1 ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОВЕСТЕРІНІҢ ПРОБЛЕМАТИКАСЫ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР МӘСЕЛЕСІ 1.1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы…………………………….6 1.2 Қазақ прозасының идеялық-эстетикалық мәселелері…………………………….21 2 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ…………………………………………..30 3 ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ӨТІЛГЕН САБАҚ ЖОСПАРЛАРЫ………31КІРІСПЕ Адам баласы тарихи дамудың жаңа белесіне шыққан сайын жүріп өткен жолына үңілетіні, өзі қалыптастырған рухани-әлеуметтік құндылықтарын ой таразысына салып, қайта бір бажайлауға, баға беруге талпынатыны хақ. Бүгінгі күні адамзат қауымының жаңа ғасыр табалдырығына аяқ басуы әлемдік қатынастардағы нендей бір құбылыстар мен өзгерістер жайлы нақтылы тұжырымдар жасауға мұрындық болып отыр. Соңғы жылдардың өзінде-ақ өткен-кеткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға арналған қаншама роман, повестер жарық көрді. Сан жағынан да, сапа жағынан да тың сипаттар таңытып жатқан таланттар қаншама. Бұлар бір шығармадан бір шығармаға ауысқан сайын көркемдіктің көк жиегін кеңейтіп жанр шеңберін, тақырып аясын ұлғайтып, бұрын қаламға ілікпеген оқиғалар мен адам мінездерін бейнелеуде орасан батыл қадамдар жасады. 70-80-жылдар көлеміндегі қазақ прозасында қоғамдағы терең қайшылықтар, атап айтар болсақ, саяси, экзистенциалдық, рухани-психологиялық мәселелер біршама ашық түрде көрініс тапты. Осындай жоталы-жоталы проблемалар адам болмасына анағұрлым тереңірек, жан-жақтылық тұрғысынан келудің, қоғамдық құрылыста қалыптасқан қатынастарға сыншылдық позициядан үңілудің нәтижесінде туды. Дәл осы кезеңде әдебиетте жаңаша көркемдік ізденістер байқалды. Әдебиет ендігі жерде адамның тарихи процестің субъектісі ретіндегі маңызына, болмыстың басқа формаларына қатынасына әлемдік көркем дамудағы қалыптасқан дәстүрлерге сүйенді.Диплом жұмысының мақсат-міндеттері: Зерттеу нысанына айналған С.Мұратбековтің шығармаларын талдау арқылы көркем шығармадағы адамгершілік және жалпы қазақ прозасындағы идеялық-эстетикалық мәселелерді қарастыру жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Бүгінгі таңда қазіргі қазақ әдебиетінің, соның ішінде прозаның тақырыптық, идеялық, шеберлік аумағы әдеби үрдіске сай кеңеюде. Әдебиетіміздің өсу тәжірибесінен байқалатын шындық – қаламгерлеріміздің әлеуметтік өмір тәжірибелерін неғұрлым толық зерттеуге ұмтылуы, өздерінің дарынына лайық жанр талдап, мәнер, стильді қатыстыруы, бұрыңғы жылдары әдебиетке дерт болып жабысқан схематизмнен, жасандылықтан арылуы оқиға, характер таңдау мүмкіншілігінің орасан өсуі. Міне, осы шығармашылық еркіндік әдебиетіміздің барлық жанрында көрініп отыр десек те, ол әсіресе проза жанрына тікелей байланысты. Уақыт өтсе де, қоғам дәуіріндегі өзгерістер болып жатса да, ескермейтін тақырыптар болады. Ол прозадағы адам, қоғам, табиғат ұғымдары. Сонау «Абай жолынан» бастау алған тарихи шығармалармен қоса, 1970-80 жылдар әдебиетіндегі прозамыздың, оның ішінде роман жанрының үлкен роль атқарып, салмақты жүк көтергені белгілі. 60-шы жылдардың екінші жартысында М.Әуезов дүниеден өткен соң, көш бастар дара тұлға табылмай, рухани дүниеміз бір мезет күңгірт тартып қалған шақта, өзінің тарихи миссиясын атқару үшін әдебиетке жаңа бір толқын келді. І.Есенберлинді алға салған бұл топтың ішінде М.Мағауин, Ә.Тарази, Ә.Сараев, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов т.б өздерінің соны ізденістерімен, әдебиетке әкелген жаңалық, еңбектерімен ерекшеленді. Осы орайда «60-80-ші жылдардағы қазақ прозасы қоғамның даму туралы концепцияларындағы өзгерістер мен үйлеспеушіліктерді бейнелеп, адамның рухани дүниесі мен жалпы тәрбие шыңырауында жатқан тереңде қазыналы қатпарларды игеруге ден қойғаны мәлім» – деген А.Исмакованың пайымдауы сөзімізді түйіндегендей [3]. Аталған кезеңдегі қазақ романдары адам мен адам болып жаратылғаннан бергі мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді, сол арқылы да әдебиетіміздің таным мәселелерін ала келуімен ерекшеленеді. Қаламгерлер Адамды зерттей отырып, сол адамның бойындағы алуан түрлі сипаттарға үңіле білді. Соның нәтижесінде қоғамның бет-бейнесіне, қыр-сырына үңілуге күш салды.Диплом жұмысының теориялық және практикалық маңызы: Қазіргі қазақ повестерінің көркемдік ізденістері мәселесіне байланысты кезінде Ш.Елеукенов (1), Н.Ғабдуллин (2), А.Исмакова (3), З.Қабдолов (4), Л.Гинзбург (5) т.б өз пікірлерін білдірді. Диплом жұмысын жазу барысында Ф.Кузнецов (6), Г.Маркес (7), Р.Бердібаев (8), Ж.Жарылғапов (9), С.Әшімбаев (10) т.б ғалымдар еңбектерін үнемі басшылыққа алдық.Диплом жұмысын жазу барысында қолданған әдіс-тәсілдер: Қазіргі әдебиеттану ғылымында қалыптасқан әдіс-тәсілдер, оның ішінде тарихи-салыстырмалық тұрғыда талдау мен жинақтау, жүйелеу сияқты түрлері басшылыққа алынды.Диплом жұмысының зерттеу нысаны: Тақырыпқа қатысты жарық көрген зерттеушілердің ғылыми еңбектері мен мақалалары ой-тұжырымдары және көркем әдеби шығармалар, оның ішінде С.Мұратбековтің «Қалың қар», «Басында Үшқараның», т.б. повестерін талдау нысанына алынды.Диплом жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, 2 тарудан және қорытындыдан тұрады. Соңынан пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.^ 1 ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОВЕСТЕРІНІҢ ПРОБЛЕМАТИКАСЫ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР МӘСЕЛЕСІ1.1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы Нағыз жазушы заманның көзі мен құлағы ғана емес, сонымен бірге оның ары мен иманы да. Ол өзінің өмірден көзімен көргенін, құлағымен естігенін баз бір дәл-дүріштер секілді мықшыңдап ақ қағазға көшіре бермейді, ең әуелі сол көргендерінің ең мәнділерін, жүрегі мен рухын толғантқандарын өз ары мен иманының сүзгісінен өткізіп, таразысына салып безбендейді, миы мен жүрегінің «мың градустық домнасында» (С.Мұқанов) балқытады. Суреткер кейде характер арқылы тақырыпты табады, ал тақырып пен характер өз кезегінде идеяға жол бастайды. Кейде көркем идеядан тақырып пен әдеби характердің, типтің туындауы да мүмкін. Көркем шығарманың қалай өмірге келетінін соны жасаушы суреткерден артық кім білуі мүмкін. Ал, егер сол суреткерлердің өздеріне сөз берсеңіз, бұл хақында әркилы қисын айтып, сан-саққа жүгіртеді. Біреулерге болашақ көркем шығармасының нобайы түсіне енетін көрінеді, ал екінші біреулердің басына ол ойда жоқта, мысалы, автобус аялдамасыңда көлік тосып тұрғанда, немесе өзінің қадірлі таныстарымен бірге алансыз түстік ас ішіп отырғаңда caп ете калған болып шығады. Болашақ шығарманың осылай ойда-жоқта оның иесінің көкірегінде жарқ ете түсуі, бір қарағанда, сәті түскен кездейсоқтық болып көрінгенмен, әрине, бұл кездейсоқтық та, ойда жоқта пенденің басына қона кеткен тосын бақ та, бақыт та емес. Жоқтан бардың пайда болмайтыны секілді, көркем туындының тақырыбы мен идеясы, ондағы басты характерлер мен типтер суреткерге ешқашан өз аяғымен келмек емес. Себепсіз салдар жоқ, ендеше әлгі суреткердің санасына caп ете қалған характерлер мен идеялар, сол характер мен идея белгілеп берген тақырып оны бір кезде толғантып, толқытқан әлеуметтік ситуацияның, не өз басынан өткерген интимдік жайлардың арада сан күндер, жылдар өткенде жаңа мазмұнмен, мол өмірлік тәжірибемен байып барып, оқыс бас көтеріп, қайта жаңғыруынан басқа түк те емес. Тақырып пен характердің көркем тип пен идеяның, бір сөзбен айтқанда, көркем шығарманың анасы — қоғамдық өмір, сол шығарманы жасаушы суреткердің сол қоғамдық өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп жинаған адамдық тәжірибесі. Бұл хақында көркемсөздің майталман шебері, аса терең, әрі нәзік көркемдік талғам иесі А.П.Чехов былайша ағынан жарылады: «Если я врач, то мне нужны больные и больница; если я литератор, то мне нужно жить среди народа, а не на Малой Дмитровке… Нужен хоть кусочек общественной и политической жизни, хоть маленький кусочек, а это жизнь в четырех стенах без природы, без людей, без отечества, без здоровья и аппетита – это не жизнь» (122). Иә, дәрігерге өзінің мамандығын терең, жан-жақты игеру үшін аурулар мен аурухана қандай кажет болса, әдебиетшіге қоғамдық өмірді білу соншалықты кажет, ол үшін әдебиетшінің, халықтың қайнаған тіршіліктің ортасында жүруі шарт. Әдебиет сыншыларының жазушылардың шығармаларын талдағанда олардың ең әуелі өмір шындығын көрсетуін талап ететіні сондықтан. Өмірлік тәжірибесі бай жазушының шығармасы да бай, шыншыл. Шындық пен шыншылдықты А.П.Чехов көркем әдебиеттің синонимі ретінде ұсынған. Ұлы суреткер шындық, шыншылдық жоқ жерде көркем әдебиет те жоқ деп білген. Бұл жөнінде ол: «Я правдиво, то есть художественно (астын сызған біз – С.А) опишу вам жизнь, и вы увидите в ней то, чего раньше не видали, не замечали: ее отклонение от нормы, ее противоречия» (122) – дейді. Бұл тұста «Осы неге жазушылар мен әдебиет сыншылары шыншылдыкқа құмар, онсыз да тіршілік ете беруге болмай ма?» деген қиямпұрыстау сұрақтың тууы мүмкін. Олай болатын себебі шындық жоқ жерде – әділет, әділет жоқ жерде — бақыт жоқ. Ал, адамзаттың ең, көкейтесті арманы бақытқа жету емес пе? Ендеше көркем өнердің ақ шаңқан кемесінің, алдынан жанып тұратын мәңгілік шырағы әр кезде де тек қана осы шындық пен шыншылдық болып қала бермек. Тақырып дегеніміз не? Бұл туралы әдебиет теориясы: «Тақырып – әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай- жағдайлардың бағыт-бағдары». Шығарманы жазудағы автордың ой-ниеті тұрғысынан алғанда тақырып -алдымен болашақ туындыға арқау болатын мәселелер, қамтитын жағдай, оқиғалардың суреттелетін өмір құбылыстарының шеңбер-шегі. Ал, шығарманы талдау тұрғысынан қарасақ, тақырып — ол шығарманың мазмұнының негізгі бір құрамды бөлшегі, айтылған, суреттелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыкқа айналған қалпы» (8, 193) — дейді. Бұл – ғалымның, академик З.Ахметовтың берген анықтамасы. Расында да солай, «тақырып – әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе», айтылған, суретгелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыққа айналған қалпы». Жазушыны не нәрсе қатты толғандырса, толқытса, сол түптің түбінде оның болашақ шығармаларының тақырыптарына айналады. Осыны дәл байқаған атақты қырғыз жазушысы Ш.Айтматов бұл ұғымды метафора тілімен былайша қысқа түйіндейді: «Тема — это ты сам, твоя судьба» (2,389). Өмірдің мазмұны сан алуан тақырыптарға толы, алайда оны көре білетін көз керек. Көз болғанда да ол — тіршіліктің қарапайым көріністерін характерлер мен образдар арқылы көре білетін суреткерлік көз болуға тиісті. Өзіне: «Маған бір тақырып тауып беріңізші, қалғанын қатырамын» деп өтініш жасаған жас жазушыға көреген авар ақыны Р. Ғамзатов: «He говори. Дайте мне тему. Говори: «Дайте мне глаза» (29,65) — деп, кеңес берген екен. Иә, көпті көрген тарлан ақын мәселені мергендікпен дөп басып отыр, өмірде тақырып көп, тіпті ол тіршілікте жыртылып айырылады десе де болады, бірақ соны көре білетін көзді, соған толғана білетін жүректі айтыңыз. Жазушының «Мынау бір жақсы, актуалды тақырып екен өзі, осыны жазып тастай қояйыншы» деп жазу үстеліне алаңсыз жайғасқанынан түк шыкпайды, өйткені жүректі толқынтқан, жаныңды сан күйге бөлеп, ширықтырған тақырып кана жақсы, сол ғана актуалды. Тақырыптың актуалдысы мен актуалсызы, жақсысы мен дегендері болмайды, тек оның жүректен шыққаны, немесе жүректен шықпағаны болады. Осы тұрғыдан келгенде Р.Ғамзатовтың жаманы қолына жаңадан қалам алған жас жазушыларға берген мына бір ақыл-кеңесі өте орнымен айтылған. Ол тақырыпты қалайша жан-жақты ашып көрсетуге болатынын айта келіп, жас әріптесіне: «He ломай дверь — она легко открывается ключом» (29, 65) — деп ескертеді. Бұдан шығатын қортынды мынау – суреткер тек өзінің түн ұйқысын төрт бөлгізіп тапқан тақырыбын ғана кілтпен оңай аша алады, ал кілті табылмаған есікті тек балталап бұзуға ғана шамаң жетпек, ендеше кілті табылмаған есікті қозғамағаныңыздың өзі абзал. О-о!.. Осы бір алтын кілтті табу жолында жер жүзінің талай талантты суреткерлері қаншама тер төкті, қаншама тандарды таңға ұрып, қаншама жаңа шығып келе жатқан күндерді кірпік ілмей қарсы алды десеңізші!.. Қазақ әдебиетінде 1970-1980 жылдар аралығында дүниеге келген тандаулы қазақ повестерінің авторлары осы принциптерді ұстанды. Олар болашақ шығармаларының тақырыптарын өз көзімен көрген, жүректерінен өткізген өмір құбылыстарынан іздеді, сол ізденіс жолында тақырыпты ашатын жоғарыда біз кеңінен тоқталып өткен сиқырлы алтын кілтті тапты да. Олардың шығармаларынын басты тақырыбы – қырда жатқан қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігі болды. М.Мағауиннің «Тазының өлімі» мен «Қара қызы», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Автомобилі», С.Мұратбековтың «Жусан исі» мен «Үшқарасы», Т.Әбдіковтын, «Ақиқаты» мен «Әкесі», «Оралуы», Б.Нұржекеевтің «Кінәлі махаббаты», Д.Исабековтың «Тіршілігі» мен «Дерменесі», О.Бөкеевтің «Қар қызы» мен «Қайдасың, қасқа құлынымы», Т.Нұрмағамбетовтың «Түпкірдегі ауылы» мен «Қош бол, атасы», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үйі» секілді қазіргі профессионалдық прозаның әлемдік стандарттарына толығымен жауап бере алатын повестері нақ осы тақырыпқа — ауыл өміріне арналған болатын. Бұл авторлардың осы тақырыпқа деген ерекше сүйіспеншілігінің себебі неде? Біріншіден, бұлардың барлығы дерлік қазақтың байтақ даласының түпкірлеріндегі ауылдардан шыққан кешегі қыр баласы еді. Сондықтан олар бұл өмірді, осы қоғамдық ортаның тіршілігін басқа такырыптарға қарағанда әдлеқайда жетік білетін. Ол кездері қазақ халқы әлі де болса урбанизацияның терең иірімдеріне тартыла қоймаған болатын. Қазақтардың басым көпшілігі әлі де болса ауылдарда, немесе тіршілігі, өмір сүру салты, әлеметтік жіктелуі жағынан ауылдарда пәлендей айырмашылығы жоқ шағын қалаларда, кенттерде (поселкелер) тұратын. Ал Алматы, Қарағанды секілді ірі урбанизация орталықтарындағы олардың саны 10 проценттен аспайтын және олардың көпшілігі осы қалаларға әлеуметтік, ұлттық тамырын жайып үлгермеген, жартылай маргиналданған, жартылай басқа ұлтпен, негізінен орыстармен және орыстанған басқа да этнос өкілдерімен ассимиляцияға түскен адамдар болатын. Сондықтан да жаратылысы жағынан ұлттық категорияға жататын көркем әдебиет шығармаларының бұлардың өмірінен ұлттық көркемсөзге азық болатын тақырып пен мазмұнды табуы қиындау еді. Жоғарыда аты аталған прозашыларымыз бен олардың қазак, көркемсөзіндегі тұстастарының ауыл өмірін суреттеуге құштар болуының бұл екінші себебі болатын. Үшіншіден, ауыл туған халқымыздың әдет-ғұрпының, өмір сүру салты мен ұлтгық психологиясының, ана тілі мен халыктык төл философиясының бастауы, алтын бесігі, осы қадір-кдсиеттердің бәрін каймағын бұзбай ғасырлардан ғасырларға сақтап келген алып рухани қоймасы секілді еді. Айтыңыздаршы, ендеше ұлттық көркем әдебиет осыншама құңды қазынаға қызықпай, ынтықпай тұра алар ма? Әрине тұра алмайды. Сондықтан да қазақ жазушыларының бұл толқыны ауыл өміріне тән ситуациялар мен әрбір детальды ерекше ыждағатгылықпен зерттеді, әсіресе қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан, енді бір он-жиырма жылдан соң мүлде жер бетінде қалмауы мүмкін абзал қазақ қарттарының образдар галереясын бір-бірімен таласа айырықша сүйіспеншілікпен ақ қағазға түсіріп жатты. Себебі, егер ауылды қазақ халкының ұлттық қадір касиетінің баға жетпес қоймасы десек, күннен күнге, жылдан жылға сиреп бара жатқан қазақ карттарының алдыңғы қатарлы өкілдері сол қадір-қасиеттің мәйегі, ұлттык философия мен психологияның алтын діңгектері болатын. Егер 1970-1980 жылдары жарық көрген қазақ көркем әдебиет туындыларында «қара шалдар мен ақ кемпірлер» (А.Сүлейменов) көптеп кездесетін болса, соның бәрі жоғарыдағы жағдайдың әсері еді. Д.Исабековтың «Дерменесіндегі» Тоқсанбай, «Сүйекшісіндегі» Тұңғыш, «Тіршілігіндегі» Қыжымкүлі, Т.Әбдіковтың «Әкесіндегі» Сейсен, «Қыз Бәтіші мен Ерсейітіндегі» Қожабек, Ж.Түменбаевтың «Ауыл мен Алматының арасындағы Балмейрам». «Ауыл шетіндегі үйіндегі» Омарғали т.б. секілді қарттар осындай могикандардың соңғы тұяқтары секілді асылдың сынықтары-тын. Бұл қариялар адамгершілік пен имаддықтың ғана емес, күннен күнге, жылдан-жылға деформацияға ұшырап, қоғамдық өмірден шетгетіліп, өндіріс орыңдары мен үлкен қалаларда мүлде қолданылудан қалып бара жаткан ана тіліміздің көзі бітелмеген қайнары да еді, сондықтан қазақ жазушыларының бұл толқыны үшін олар тідді жетілдірудің, үйренудің қайталанбас мектебі болды. Бұл хақында осы буынның талантты өкілдерінің бірі, белгілі прозашы Т.Нұрмағамбетов былай дейді: «Тіл демекші, көпшілігі өмірден кетіп үлгерген ауылымыздың сауатсыз қарияларының тілдерінің шұрайлылығы мен көркемдігіне мен кәзір де танданып отырамын. Ал, бала кезімізде біз оларды тындап өстік. Тыңмасқа амалымыз да жоқ еді. Балалар бөліне қоятындай бөлек бөлмесі жоқ үйде ол кісілердің әңгімелерін тыңдамағанда қайда барасың? Бағыңа тырайып ұйықтап калсаң жақсы, ұйықтамасаң, түн жарымына дейін кейде қызық, кейде мезі етердей болып керінетін сол гүрің-гүрің әңгімелердің қасиетін біз кейін ұқтық. Аңсадық» (114). 1970-1980 жылдары өмірге келген таңдаулы қазақ баяндарының авторлары да өздерінің ана тілдеріне де осындай зор жауапкершілікпен, перзенттік сүйіспеншілікпен қарайды. Қазақ прозасын Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев т.б. секілді көркем сөз зергерлерінен кейін жаңа биіктерге көтерген Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов т.б. секілді талантты жазушылар жөнінде ешбір кымсынбай айтуға болады: егер Мұхтардын (Мағауин), Сайыннын, Әбіштің, Тынымбайдың тілдері болмаса, олардың шығармалары да болмас еді. Егер олардың туындыларындағы қызғылықты сюжеттер мен мінсіз композициялық құрылымдардың өзі сол шығармалардың тілі жансыз, жалынсыз болса, жалған бірдеңелер, мазмұнсыз конструкциялар болып шығар еді. 1970-1980 жылдардағы таңдаулы қазақ повестерінің басты тақырыптарын шартты түрде бес блокқа бөліп жіктеуге болады. Олар — жоғарыда біз кеңірек тоқталған 1) ауыл 2) қала, 3) тарих, 4) шетел өмірі деп аталатын тақырыптар. Күні кешеге дейін қазақ халқының басым көпшілігі ауылдар мен қам-қарекеті мен әлеуметтік жіктелуі сол ауылдарға ұксас шағын қалаларда тұрып келгенімен, туған жұртымыздың белгілі бір бөлігі осы жылдары республикадағы үлкен өркениет орталықтарына қоныс теуіп үлгерген болатын. Олар алыс ауылдар мен кенттерден оқу іздеп келген шәкірттер, ғылыми-техникалык революция дәуірінде жаңадан пайда болған мамандыққа бейімделіп кәсіп қуған жастар, сондай-ақ астанада, немесе облыс орталық-тарында қызмет бабымен қалып қойған мемлекеттік, партиялық чиновниктер, интеллигенция өкілдері болатын. Бұлар, негізінен, маргинал тұлғалар-тын: оларды әлі ауылдардан біржола қол үзіп кеткен нағыз қалалықтарға жатқызу қиындау еді, екінші жағынан, істеп жүрген кәсіптері мен тұрып жатқан тұрақты саяси-әлеумеітік, қоғамдық орталарына қарап, қалалықтарға жатқызбау да қиянат болатын. Қала тақырыбына жазылған қазақ повестерінің негізгі кейіпкерлерді, ондағы басты-басты характерлерді негізінен, міне, осындай типтер кұрады. Қ.Мұханбетқалиевтың «Ескі достарындағы» Нұралхан, Д.Исабековтын «Қарғынындағы» Жасын мен Сәргел, М.Мағауиннің «Қара қызындағы» Бексейіт Атахановтарды кейіп-керлердің нак осы тобына жатқызуға болады. Бұлардың бәрі де қазіргі қалалық қазақ зиялыларынын өкілі бұлардың бәрі де күні кещегі қыр балалары, бұлардың бәрі де қазір жайлы қалалық пәтерлерде тұрады, бұлардың бәрі де азды-көпті өмірлерінде махаббат, достык, қызғаныш, сатқындық секідді пенделік сезімдерді басынан өткерген жандар, бірақ соған қарамастан олар бір-бірлеріне тұр-түсі, адамдық темпераменті, талғамы, қоғамдық, интимдік көзқарастары жағынан мүлде ұқсамайды: инженер Нұрал-хан жаны жайсаң, ақкөңіл жігіт, бірақ мансапқорлықтан да құралақан емес, тарихшы Бексейіт Атаханов – қабілетті, бірақ сатқын, ғалым Сәргел — мәймөңке, жылауық, ал Жасын – Жасын десе Жасын, барып тұрған турашыл, жазушылығына қоса шектен шыққан максималист. Қазіргі қазақ жазушыларының калалықтар өмірінен калам тартқанда интеллегенция өкілдеріне ерекше мән беруі тегін емес, өйткені суреткерлердің бұл толқыны қоғамымыздың, осы әлеуметтік тобымен қоян-қолтық араласта болғандықтан, басқа әлеуметтік топтарға қарағанда олардың өмірін жақсырақ, тереңірек білді, сондықтан бұл кейіпкер бастарынан кешкен күйлерді белгілі бір дәрежеде өз бастарынан өткерді, нақ сол типтер ұшырасқан қоғамдық тартыстар мен ситуация-лардың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Осы арада белгілі ғалым, профессор Р. Нұрғалиевтың мына бір пікірін келтіре кетуді жөн деп білеміз. Ол: «Жазушының обьектіге келуі оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған тағдырымен сабақтас» ,(75-144) – дейді. Әдебиетке үлкен дайындықпен келген бұл жазушылар сол кездегі көпшілік қазақ романдары мен повестеріндегі өз кейіпкерлерін олардың мамандықтарына таңып тастап, персонаждарды олар атқарып жүрген күнделікті қызмет, тікелей өндірістік жұмыс процесі үстінде ғана көрсетуге күш салатын социалистік реализмнің технократтық әдістерінен бойын аулақ салды. Олар: «Ұлы Толстой эстетикасы мен ұлы Чехов поэтикасынан кейін біржола қалыптасқан заманды адам арқылы, адамды мінезі арқылы, мінезді іс-әрекеті арқылы танытуды» (54,371) түпкі суреткерлік мақсатқа айналдырды. Жауап беру демекші, жалпы көркем әдебиеттің күрмеуі қиын қоғамдық-әлеуметтік, рухани-моральдық толғақты мәселелерге жауап беруі керек пе, жоқ әлде, оларды дер кезінде күн тәртібіне қоюы қажет пе деген сауал күні бүгінге дейін әдебиетшілер арасында дау туғызып келеді. Көркем сөз шеберлерінің басым көпшілігі әдебиет мораль жөніндегі ғылым емес, сондықтан коғамның өзекті саяси-әлеуметтік, рухани проблемаларына біржақты жауап беру оның міндетіне жатпайды, көркем-өнердің міндеті сол толғағы жеткен мәселелерге дер кезінде қоғамның назарын аудару деп біледі. Асылы, дұрыс пікір, даусыз шындық – осы. Көркем әдебиет моральдық кодекстер жиынтығы да, Құран да, Інжіл де емес. Ол ең алдымен өнер, эстетикалық категория, ендеше оның басты міндеті қоғамның көкейтесті мәселелерін шешіп беру емес, соған ең бірінші болып әлеуметтің назарын аудару, алғашқы болып дабыл қағу. Бұл жағынан ол барлаушыларға ұқсас. Айталық барлаушылар ұрыс тағдырын тікелей шешетін командирлер мен оның қарамағындағы жауынгерлер. емес, бірақ сол ұрыстың түпкі нәтижесінің қалай аяқталуы олардың қырағылықтарына, байқағыштықтарына көп байланысты. 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінде жан-жақты көтерілген тақырыптың бірі — тарихи тақырып болды. М.Әуезовтың әлемге әйгілі атақты «Абай жолы» эпопеясынан кейін бұл тақырыпқа арналған романдар мен повестер, поэмалар мен әңгімелер, драмалық пьесалар жазғы нөсерден соңғы саңыраукұлақтардай қаптады. Тарих қойнауларына үңілу қазақ жазушылары үшін жаппай сәнге айналды: кітапханалардағы, музейлердегі, архив қоймаларындағы шаң басып, сарғайып жатқан мол мұраға қаламгерлер тарапынан жаппай «шабуыл» басталды. Соның нәтижесінде іштерінде шіп-шикі дүмбілезі бар, тым шикі болмағанмен шикілі-пісілі ортақолдаулары бар талай дүниелер республикалық баспаларда том-том болып жарық көріп жатты. Бұл арадағы әңгіме ондай шығармалар туралы болмақ емес, әрине. Қашан да халтураның жаны сірі, ол қай заманда да болған. Алайда, бағымызыға орай, көне тарихқа бағышталған көп дүниенің ортасында хас суреткерлердің қанымен, жанымен жазылған озық үлгілері де өмірге келген еді сол тұста. Олар Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер», І.Есенберлиннің «Қаһар», Х.Есенжановтың «Ақ жайық», М.Мағауиннің «Аласапыран», Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» секілді романдары, өзіміз сөз еткелі отырған Ә.Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», «Күй», «Бәсеке», «Шыңырау», А.Сүлейменовтың «Бесатар», Қ.Мұханбетқалиевтың «Ежелгі дұшпан» секілді талантты баяндары болатын. Төл тарихынан ажыраңқырап қалған қазақ оқырмандары бұл шығармаларды қызу интузиазммен қарсы алды: олардың озық үлгілері студенттік аудиториялар мен көпшілік бас қоскан жиындарда, оқырмандар конференцияларында қым-қиғаш айтыс-тартыстардың, интеллектуалдық ой жарыстарының басты обьектілеріне айналды. Сөйтіп жазушылардың бұл әдеби туындылардан күткен басты үміті артығымен ақталды. Осы қайта өрлеу дәуірінің белді өкілдерінің қатарына жататын Әбіш пен Асқардың, Қажығалидың ілгеріректе біз аттарын атап өткен «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», «Бесатар», «Ежелгі дұшпан» атты повестері де тарихи тақырыпқа жазылған үздік әдеби туындылардың қатарынан берік орын алады. Әсіресе, тарихи тематиканы игеруде Кекілбаев шығармашылығының орны ерекше болғанын айта кетуіміз керек . Көне аңыздар мен мифтер, маңызды, мәнді тарихи тұлғалар, оқиғалар күні бүгінге дейін Әбіш шығармашылық өнерінің ең басты стихиясы болып келеді. Ол ақ бас тарихтың көне шежіресінен бүгінгі күніміздің рухани мүддесіне сай келетін мазмұн таба білді. Ол сонымен бірге сол ескі күндердің тұрмысын тар ұлттық шеңбермен тұйықтап тастаған жоқ, оны адамзатқа ортақ этикалық, эстетикалық, философиялық өрістерге шебер ұштастыра білді. Сондықтан да Кекілбаев суреттеген Шыңғыс пен Ақсақ Темір, Жөнеуіт хандардан бастап қарапайым құдықшы Еңсепке дейінгі тарихи кейіпкерлер галереясы тек қазақтарға ғана емес, басқа да талай азиялық жұрттар мен мүлде өзге саяси-әлеуметтік менталитет иелері европалықтарға да түсінікті болды. Мысалы, бұл жөнінде ГДР-дің «Фольк унд вельт» баспасында екі рет қайта басылған совет жазушыларының тандаулы повестері туралы жазған мақаласында белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен былай депті: «Адайлар мен түрікмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады» деген қауесетті жокқа шығарды, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді… Сонымен қатар Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәні бар гуманистік хикая жасауға болатынын дәлелдейді. Қазак, жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейкесті жайларды қозғайды. Бұл – германиялық неміс сыншысының пікірі, ал өзіміздің «қазақ немісі», белгілі әдебиетші, қазақ көркемсөзінің білгірі Г.Бельгер бұл ойды былайша өрбітеді: «Өзге замандас жазушылары секілді Әбіш Кекілбаев та өз халқының ежелгі әдет – ғұрып, дәстүр – тағылымдарын егжей – тегжейлі кейде қызыға суреттеуге құмбыл. Ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді, бірақ арзанқол экзотика жетегінде кетпейді, сол детальдардың әлеуметтік, философиялық мән – мағынасына үңіліп, халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға тырысады. Ә.Кекілбаев, жалпы алғанда, өмір құбылыстарына байсалды ой парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, сонда да философиялық, интеллектуалдық мағыналарға бай болып келеді» (53, 14). Әбіштің тарихи тақырыпқа жазылған баяндарының ең мойны озықтарының бірі — «Ханшадария хикаясы». Мұнда алып-жұлып бара жаткан қым-қиғаш сюжет те, сол себепті «мені көр, мені көр» деп тұрған аса қызғылықты оқиғалар да жоқ. Повесть фабуласының ұзын-ырғасын бес-алты ауыз сөзбен тәмәмдауға болады. Жарты әлемді аузына қаратқан ұлы әмірші Шыңғыс хан қартайған шағында таңғұттардың астанасының ойран-ботқасын шығарып, бүткіл еркек кіндіктілерінің бәрін қырып салады. Ең соңғы болып олардың ханы Шидүргінің басы алынады. Таңғұрттар Отаны қан сасып, қаңырап қалады осылайша. Енді бүткіл таңғұт төменетектілері монғол әміршісінің қарауында: ашса – алақанында, жұмса жұдырығында. Оның ішінде ай десе – аузы, күн десе – көзі бар Шидүргінің әйелі Гүрбелжін ханша да бар. Кәрі Шыңғыстың есіл-дерті осы ханшада. Сұлуды қалай да өзіне қаратып, кұмарынан шықпақ. Алайда жүрегін туған елі мен өзінің адал жарына деген махаббат кернеген сұлу ханшаны Шыңғыс қаһары бағындыра алмайды. Гүрбелжін қойнында жатқан әміршіні жарып өлтіреді, сонан соң өзі де мерт болады. Енді каһарымен дүниенің жарымын тітіркенткен, қатыгез қаған да, сұлулығымен жұртты аузына қаратқан ханша да жоқ бұл тіршілікте. Арттарында тек аңыз ғана қалады сөйтіп. Жай ғана көп аңыздың бірі емес, тағлымы ғасырдан ғасырға ұласатын әфсана. Кекілбаев зұлымдықтың, қара күштің әділет пен сұлулықтың алдында түптің түбінде бәрібір жеңілетінін жеріне жеткізе дәлелдеп береді бұл баянда. Жазушы қара күштің жеңісінің уақытша ғана екенін, оның ешқашан түбегейлі бола алмайтынын аңғартады. Түпкі жеңіс Гүрбелжін ханша жағында. Сөйтіп, бүткіл жарты әлемнің еркектерінің шамалары келмеген әміршінің сазайын тал шыбықтай бұралған бір ару береді. Өктем күшті ауыздықтауға соның ғана шамасы жетеді. Гүрбелжін ханшаға осыншама күш дарытқан оның бойындағы өз жұрты мен жарына деген шексіз сүйіспеншілшік, махаббат еді. Мұндай асқан тектілік, мол қайрат пен қайсарлық тек осындай жанның ғана қолынан келетін. «Ханшадария хикаясының» өлмес сабағы, міне, осындай. Егер Достоевский «Әлемді сұлулық кұтқарады» десе, жоғарыдағы хикаяны оқып болғаннан кейін осы бір даусыз пікірді «Әлемді сұлулык және әйел жүрегінің адал махаббаты құтқарады», деп толықтырғыңыз келіп кетеді. А.Сүлейменов пен Қ.Мұханбетқалиевтың әдеби қолтаңбалары Әбішке мүлде ұқсамайды. Егер әрбір жазушыны өзінше әлем десек, олардын шығармашылық өнерінің өздерінің дарынды тұстастарына ұқсамауы, әрине, Қажығали мен Асқардың кемшілігі емес, жетістігі ретінде ұғынылуға тиіс. Қазақ көркемсөзінде лингви-стикалық прозаның негізін қалаған А.Сүлейменов кейіпкерлерді мінез жағынан даралауға катты мән береді, ол сондай-ақ сюжетті негізінен оқиғаға емес, адамдардың арасындағы психологиялық тартыстарға құруға көбірек бейім. Мысалы, оның әйгілі «Бесатар» баянының оқиғалар желісін бес-алты-ақ сөйлеммен айтып беруге болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің Қазығұрт аймағындағы басшыларының бірі Төрехан мен оның Ташкентте оқып жүрген ұлы Сәуар ақ патшаның жазалаушы отрядының командирі Крейгельдің тұтқынына түседі. Ал, Тереханның бостандықтағы үзеңгілес серіктері Мұқағали мен Өтеп болса, керісінше орыс офицері Иноземцевті қамауға алады. Оны кейіннен Терехан мен Сәруарға айырбастау үшін. Бірақ олардың бұл ойлары жүзеге аспайды: Крейгель Қазығұрттың баурайында әкелі-балалы қос боздақты оққа жығады. Көлемді повестің сюжеттік желісінің негізгі ұзын-ырғасы – осы. Алайда бастан-аяқ Крейгель-Сәруар-Терехан ұштағынының арасындағы психологиялық тартысқа құрылған бұл көркем туынды оқырманды ешбір жалықтырмайды: жазушы кейіпкерлерінің миы мен жүйкесінде жүріп жатқан арпалыстарды шебер, білгірлікпен суреттеу арқылы оқырманың да, әдеби персонаждарын да үнемі ширықтырып, кейде тіпті ышқындырып отырып, уысынан бір босатпайды. Бодан елдің. намысты ұрпақтарының бостандыққа ұмтылған ұлы арманының ащы жеңілісін аяусыз шыншылдықпен бейнелеген бұл шығарманың, міне, басты жетістігі де, қазақ прозасы үшін тосындығы да осында. Ал Қ.Мұханбетқалиев болса, Махамбет батыр мен Баймағамбет сұлтан арасындағы қақтығыстың диалектикасын егжей-тегжейлі ашуға құрылған өзінің «Ежелгі дұшпан» аталатын баянында көпшілікке бұрыннан таныс осы оқиғаны мүлде басқаша қырынан ашады. Ақыры Баймағамбет көптен көкейінде беріш болып жүрген басты арманына жетеді – сүлтанның арамза жансыздары халық қамқоры Махамбетті абайсызда қолға түсіріп, оның кесілген басын жоғары мәртебеліге алып келеді. Әне, өзіне өмір бойы тыныштық бермеген ежелгі дұшпанының, ата жауының басы енді оның алдында домалап жатыр. Халық батырын арулап жерлейді. Баймағамбет енді бақытты, жайлы өмірдің қытықшыл қызығына біржолата беріліп, алаңсыз тіршілік кешпек. Бірақ мына парадокске қараңыз: сұлтанның бұрынғыдан бетер тынышы кетеді, ол үшін мына өмір мәнсіз, маңызсыз, күйкі бірдеңеге айналады. Ақыры сүлесоқ күй кешіп жүріп, ойда-жоқта өзінің бұрын мүлде басына келмеген сұмдық бір жаңалықты ашады. Апырау, оның бүткіл тіршілігінің мәні бұрынғы ата жауы Махамбет екеуінің арасындағы күресте жатқан екен ғой» Ендігі сол Махамбет дүниеден өткен шақта сұлтанның да асау, қызу қанды өмірінің мәні жойылыпты. Енді ол кіммен күреспек, кіммен бақ, таластырмақ?! Мына өзінің аяғын жалауға бар айналасындағы жағымпаз, жалтақ, айтқан сөз бен шертілген сырдың парқын ұқпайтын, жәдігей, надан тобырмен бе? Махамбет бұған жау, ежелгі дұшпан болса да бұл өмірдегі жалғыз теңі екен ғой, енді ол – Баймағамбет сұлтан — жалғыз!.. Белгіліден белгісізді, айдай анықтан бұрын көзге шалынбаған жаңа бір шындықтарды табу — дарындылықтың бір белгісі. Жоғарыда біз қысқаша болса да талдап өткен Қ.Мұханбеткалиевтың «Ежелгі дұшпаны» осы ойдың бір дәлелі болса керек. Рас, оның бұл баяны Кекілбаев шығармаларындағыдай этнографиялық детальдарға, экзотикалық бояуларға бай емес, ол сондай-ақ Әбіш секілді авторлық эпикалық баяндауға аса ауыр салмақ артпайды, сонымен бірге А.Сүлейменов секілді кейіпкерлерінің психологиясының ықпыл-жықпылын аралап, жақсы мағынада айтқанда, шұқшиып отырып алмайды, оның шығармашылық кредосы мен стихиясы – пропорция, тепе-теңдік. Қ.Мұханбетқалиев шығармаларындағы баяндау мен психологиялық портреттер де, кейіпкерлердің диалогтары мен монологтары да белгілі бір шек пен шамаларға бағынады, қай нәрсенің де кемерінен шығып, асып төгілуі оған жат. Бұл оның шығармашылық өнерінің кемшілігі де, елден асқан артықшылығы да емес, – ерекшелігі. Көркем әдебиет — бір заманды екінші заманға, бір ұрпақты оның келесісіне жалғастырып, табыстырып отыратын рухани алтын көпір. Егер Б.Майлиннің таңдайынан бал тамған аса көркем әңгімелері мен повестері болмаса 1920-1930 жылдардағы еліміздегі советтік коллективтендіру дәуірінің, М.Әуезовтің шешен де шерлі «Абай жолы» эпопеясы болмаса, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қырдағы қазақ өмірінің тұтас бір алып панорамасын бүгінгі ұрпақ көз алдына толық, жан-жақты елестете алмас еді. Сондықтан көркем әдебиетте сол әдебиеттің иесі, мұрагері болып табылатын ұлт өміріндегі мәнді кезеңдер мен тақырыптардың жан-жақты, толық қамтылуы тек көркем өнер үшін ғана емес, халықтың тарихи танымы мен санасы үшін де аса маңызды. Бұған дейін біз 1970-1989 жылдары жарық көрген тандаулы қазақ повестеріндегі қамтылған тақырыптарды төрт блокка а) ауыл, ә) қала, б) шетел өмірі) бөліп талдадық. Әрине, бұлайша бөлудің шартты болатыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Өйткені повесть секілді біршама ауқымды прозалык шығармаларда басты тақырыптармен қоса бірнеше қосымша, толықтырушы тақырыптардың болатынын көркем әдебиет жанкүйерлерінін кез-келгені жақсы біледі. Айталық, достық, махаббат тақырыбына арналып жазылған шығармаларда қызғаныш немесе саткындық секілді такырыптар параллель дамып, сол шығарманың негізгі тақырыбымен бірге қамшының сегіз өріміндей жымдасып өмір сүре береді. Бұл — жоғарыдағы тақырыптарды блоктарға топтастыруымызды шартты деуіміздің екінші себебі. Қалай дегенде де, қазақ повестерінің жиырма жылдық біршама ұзақ кезеңін зерттеуге арналған бір еңбекте осы шығармалардағы барлық тақырыптарды егжей-тегжейлі талдап жату мүмкін де, әрі қажет те емес деп білеміз. Сондықтан да енді осы авторлардың көркем туындыларындағы характер мен тип, идея проблемаларын шешудегі ізденістеріне тоқталалық.^ 1.2 Қазақ прозасының идеялық-эстетикалық мәселелері Жоғарыда барлық талантты суреткерлер секілді 1970-1980 жылдарда жарық көрген таңдаулы қазақ баяндарының авторлары өз тақырыптарына алуан-алуан жолдармен, қилы-қилы бұралаң соқпактармен келді дедік. Алайда, осы тұста жазушы үшін тақырып табудың жалаң мақсат еместігін, такырып оған өзінің окырманға айтар ең көкейкесті сыры — идеяны ашу үшін қажет екендігін айта кетуге тиістіміз. Ал, суреткердің жан сыры — идеяны жан-жақты толғап, жарқыратуға сәтімен табылған бір тақырып аздық етеді. Көркем шығарманың тақырыбын да, айтар идеясын да заттандырып, тірі